Мұса Әділов

Мұса Әділов – 1940 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында дүниеге келген. 1962 жылы Гурьев музыка училищесесін бітірген. 1970 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын қобыз мамандығы бойынша тәмамдаған. 1970 жылдан бері консерватория жанындағы қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жасайтын ғылыми-тәжірибелі шеберханасында шебер, ғылыми жетекшілік жұмыстарын атқарған. 1987 жылдан ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі. 1992 жылы өткен республикалық «Үкілі домбыра» конкурсының 1-орын жүлдегері, 1998 жылы Атырау қаласында өткен халықаралық домбыра жасаушы шеберлердің конкурсында 1-орын иемденген.

Қазақта тұңғыш болып скрипка, гитара аспаптарын жасаған. Жасаған жұмыстары Москва, Алматы консерватория профессорларының жоғары бағасына ие болған.

Мұса Әділ симфониялық оркестрде скрипкада, үрмелі аспаптар оркестрінде валторна аспабында және Құрманғазы оркестрінде альт қобызда ойнаған.

Құрмет орденімен, ҚР 10 жылдық, 20 жылдық және т.б. көптеген медальдармен марапатталған. Түрлі диплом, грамоталардың иегері. ҚР мәдениет қайраткері.