АҢЫЗ ДОМБЫРА

                                                                                                       АҢЫЗ ДОМБЫРА

     2018 жылдың қыркүйек айының 14-ші жұлдызында Алматы қаласы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Аңыз домбыра» атты домбыра аспабын жасаушы шеберлердің 2-ші Республикалық байқау-бәйгесі өтеді. Байқау-бәйгеге қатысушылардың санына және жасына шек қойылмайды. Байқау-бәйгеге сарапшылық жасайтын қазылар алқасы елімізге белгілі өнер майталмандарынан құралады.

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің экспозициясында Қазанғаптың, Мұрын жыраудың, Әбікен Хасеновтың домбыралары қойылған. Ұзақ жылдар өтсе де бұл домбыралардың бір ерекшелігі – әлі күнге дейін өзінің қоңыр дыбысын жоғалтпаған. Байқау-бәйгедегі сарапшылар осындай домбыраларды үлгіге ала отырып домбыраға өз бағаларын береді. Байқау-бәйгенің мақсаты – домбыраның қоңыр, көне дыбысын қайтару және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан сан ғасырлық тарихы бар музыкалық аспаптар жасау шеберлігін жандандыру, насихаттау.

Байқау-бәйгеге қатысатын домбыра 2 түрлі:

1. Шанағы тұтас ағаштан шауып жасалған жұмыр шанақты домбыра;

2. Шанағы тұтас ағаштан шауып жасалған қалақ домбыра үлгілері бойынша өткізіледі. Байқау-бәйгеде жүлделі орын алған шеберлердің аспаптары музей қорында қалады. Әр шебер екі домбырадан артық аспапты байқау-бәйгеге қатыстыра алмайды.

                                                                                                      «АҢЫЗ ДОМБЫРА» байқау-бәйгесінің шарттары:

Домбыраға қойылатын талаптар мынандай:

1. Шеберлер үлгіге сай домбыраның қоңыр, көне дыбысын шығаруы керек.

2. Домбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы қажет.

3. Домбыраның қоңыр үні бос бұрауда анық естілуі керек. 

4. Ішектің тербелісі (вибрация) жиі болуы керек.

5. Домбыраның басы мен аяғы бірдей сөйлеуі керек.

6. Домбыраның бауыры жұмсақ, мойны ыңғайлы келуі тиіс.

7. Домбыраның сырт пішіні қарапайым, эстетикалық тұрғыдан әсем, үйлесімді болғаны абзал.

8. Жасалу материалына шек қойылмайды.

Үлгі ретінде берілген домбыралардың үнін төмендегі сілтемелер арқылы естуге болады:

  1. Інжу-Маржан бағдарламасы, Жайлау Асылханов «Көкіл» күйін Қазанғаптың домбырасымен орындауда: https://www.youtube.com/watch?v=DvDO9tfHS2c
  2. Әбікен Хасеновтың өз орындауында «Қоңыр» күйі: https://www.youtube.com/watch?v=AJvrqh2H9Z0

Конкурстың жеңімпаздарына төмендегідей жүлделер тағайындалады:

Бас жүлде – 500 мың теңге;

1-ші орын – 350 мың теңге;

2-ші орын (жұмыр шанақ домбыраға) – 250 мың теңге;

2-ші орын (қалақ домбыраға) – 250 мың теңге;

3-ші орын (жұмыр шанақ домбыраға) – 150 мың теңге;

3-ші орын (қалақ домбыраға) – 150 мың теңге;

3-ші орын (жұмыр және қалақ) – 150 мың теңге.

Конкурсқа қатысушылардан талап етілетін құжаттар:

  • Жеке куәлігінің көшірмесі;
  • Шығармашылық өмірбаян;
  • 13х18 түрлі-түсті фото, 1 дана;
  • Сұраныста қатысушының байланыс телефондары көрсетілуі тиіс.

Конкурстық құжаттар Алматы қаласы, Зенков көшесі 24А, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде және электрондық почтасы арқылы қабылданады.

Байланыс телефондары: 8(727) 291-63-16; 87076006260.

Құжаттар 2018 жылдың 31 тамызына дейін қабылданады.

Ескерту: мезгілінде құжаттарын жібермеген шеберлер байқау-бәйгеге қатыстырылмайды.

«Аңыз домбыра» байқау-бәйгесінің қорытындысында жүлделі орын алған домбыралардың және өнер шеберлерінің қатысуымен Гала концерт және сайысқа түскен шеберлердің аспаптарының жәрмеңкесі өтіп, сатылым жасалады.