«ІНЖУ-МАРЖАН» – құнды жәдігерлерімізді кеңінен насихаттайтын бағдарлама

     – Ұлжан Мәлікайдарқызы, әңгімемізді өзіңіз басқаратын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының бүгінгі тыныс- тіршілігінен бастасақ…

     – Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы өз жұмысын сонау 1980 жылдары бастаған-ды. Мұражай белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей ықпал етуімен ашылғандығын айтуымыз қажет. Музейдің ең басты құндылығы – сан ғасырлық тарихы бар құнды жәдігерлерімізді көздің қарашығындай сақтауында.

    Сонау ХVIII-XIХ ғасырдың басында өмір сүрген бақсылардан бастап, одан кейінгі әнші-композитор, күйші-композиторлардың құнды жәдігерлері жинақталды. Атап, айтсақ, Абай, Махамбет, Біржан Сал, Қазанғап, Сүгір және басқаларының аспаптары сақтаулы. Мұндағы мақсат – ұлттық өнеріміздің ұлттық санада жалғасуына, санада сақталуына септігін тигізу.

     Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы – өз елінің ұлттық аспаптарын сақтап қалған Орта Азиядағы бірден-бір мұражай екендігін мақтанышпен айта аламыз. Орта Азия ғалымдарының басын қосқан жиындарда шетелдік ғалымдар: «Мынадай керемет музей біздің мемлекеттерімізде жоқ, болған да емес. Сіздердің құнды жәдігерлерді жинақтап, ұлы тұлғаларыңызды ұлықтағандарыңыз үлгі аларлық дүние екен», – деп таңдай қағысты.

     – Сөзіңіз аузыңызда, соңғы уақытта мұражай қандай көне музыкалық аспаптармен толықты?

     – Музейдегі ең үлкен жетістігіміз – былтырғы жылы Ақан серінің 150 жылдық тарихы бар домбырасын тауып, музейдің жәдігерлер қатарына қостық. Сондай-ақ, өздеріңіз білетіндей, биыл Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Атаулы датаның аясында түрлі шаралар өткізуді жоспарлаудамыз. Ұлы күйшінің өзі мәңгілік сая тапқан Астраханьда Құрманғазы атындағы мәдениет орталығы бар. Аталмыш орталықта сақталған Құрманғазы бабамыздың домбырасын біздің мұражайда өтетін көрмеге уақытша әкелу – жоспарымызда бар. Сонымен қатар, Құрманғазыдай шебер күйшінің домбырасының көшірмесін музейге алып қалмақ ниеттеміз. Аталмыш, іс-шараның аясында Орал өңірінен табылған Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжановтың 100 жылдан асқан домбырасын музейге алмақпыз. Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қалаған осындай ұлы тұлғалардың аспаптарын іздестіру жұмыстарын жалғастырудамыз.

     – Есімі елге белгілі жыршы ретінде жыршылық, жыраулық өнердің даму барысы көңіліңізден шыға ма? Осынау өнер түріне деген сұраныс қандай деңгейде?

     – Жыраулық, жыршылық өнердің бағзы замандардан бастау алатыны белгілі. Сонау Тоныкөк, Күлтегін кезеңінде-ақ біздің жырларымыз тасқа қашалып жазылды. Түрік қағанаты, Ноғайлы дәуірі, Қазақ хандығы кезеңдерінде жыраулар, жыршылар мемлекеттің құрылуына өздерінің зор үлестерін қосқанын аңғарамыз. Мәселен, қазақ хандығы тұсында Асанқайғы Қазтуғаннан бастап, Кенесарының қасында жүрген Нысанбайлар ұлттық идеологиямызды жасады емес пе? Ата-бабамыздан мұраға жеткен ұлы өнеріміз өз жалғасын табуда. Төл өнерімізді дәріптеу, кеңінен насихаттау бүгінгі ұрпақ үлесінде. Осыған орай, Алматы қаласының тізгінін Бауыржан Байбек ұстағалы бері қаламызда Халықаралық жыршылар фестивалі дәстүрлі түрде өткізілуде. 2016 жылдың желтоқсан айында яғни, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында бастау алған халықаралық жыршылар фестивалі тыңдаушыларын бір дүр сілкіндірді. Еліміздің барлық аймағының өнерпаздарымен қоса қарақалпақ, өзбек, түркмен, әзірбайжан, түрік бауырларымыздың жыршылары ортақ өнерімізді ортаға салды. Жыршылық өнерге деген халықтың да ерекше ықылас-пейілін аңғардық. Өнердің бұл түрінің сарқылмайтын қазына екендігіне тағы да бір көз жеткіздік. Мұндай киелі өнерді осылайша жаңғыртуымыз қажет. Яғни ұмытылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Басты мақсат– тыңдаушы мен өнерпаздың арасының үзілмеуі. Тыңдаушысы болмаса өнерден ажырап қалуымыз ғажап емес. Жыршылық өнер қашан да тыңдаушысы арқылы дамып, жалғасып келгендігі белгілі. Өйткені, күнді-күнге, таңды-таңға жалғап салалы жырлар мен терме-толғауларды орындау үшін өрелі тыңдарманы керек. Біз жыршылық өнерді тек тыңдаушы арқылы ғана бойымызда сақтай аламыз. Сондықтан да, жыршыларға ғасырлар бойғы иеленіп келген тарихи сахнасын қайтарып беруге тиіспіз.

     Сонымен бірге, жыршылық өнер еліміздегі ЖОО-да және музыкалық колледждерде арнайы оқу бағдарламалық жүйеге қойылған. Бұл бағытта кәсіби мамандар даярлануының өзі жыршыларға деген сұраныстың бар екендігін айғақтай түседі.

    – Ұлжан Мәлікайдарқызы, «Алматы» телеарнасы арқылы көрерменнің көзайымына айналған «Інжу-маржан» бағдарламасының жүргізушісі екеніңіз белгілі. Ұлттық өнерімізді дәріптеген телетуынды туралы оқырмандарымыз қаныға түссе…

     – «Інжу-маржан» бағдарламасы «Алматы» телеарнасы мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының екі жақты байланысының нәтижесінде дүниеге келген бағдарлама. Музейде сақтаулы тұрған әрбір аспап тек қана экспонат ретінде тұрған жоқ. Оның арғы жағында біздің күйшілік, әншілік, жыршылық өнерімізбен тұтастай мәдениетіміз жатыр. «Інжу-маржан» – музей мен мұнда сақтаулы тұрған құнды жәдігерлерімізді елі ішінде кеңінен насихаттайтын бағдарлама. Сонымен қатар, өздеріңіз көріп, біліп, жүргендей бағдарламада дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдері мен, жыршы-термешілеріміз бен күйшілерімізді арнайы қонаққа шақырып, әрбірінің шығармашылығына тереңірек үңілуге тырысамыз. Шындығында, біздің бұл бағытта өтетін іс-шараларымыз бен концерттеріміз аздық етіп жататыны жасырын емес. Өкінішке орай, бүгінгі күні дәстүрлі ән өнерінің насихаты да жоғары деңгейде деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Сондықтан да, «Алматы» арнасындағы «Інжу-маржан» бағдарламасы осы олқылықтың орнын шама-шарқынша толтыруда.

     Өзге телеарналарға ұқсап, рейтинг қумай, ұлттық өнерімізге шынайы жанашырлық танытуы – көңіл қуантарлық іс. Осы тұста, Әлібек Әлденей басқаратын «Алматы» арнасы ұлттық музыкалық өнерімізді дәріптеп отырған елдіміздегі бірден-бір телеарна екендігін айта кеткенім жөн. Өнер иелеріне зор мүмкіндікті туғызғаны үшін арна басшылығына айтар алғысымыз шексіз.

     Бағдарламаның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әншілерімізді елге кеңінен танытудамыз. Күй, жыр, ән секілді өнердің барлық саласы қамтылған. Мәселен, өнер иелері кез-келген шығарманы сахнада аз ғана уақыттың ішінде орындап шығып кетеді. Көбіне әннің шығу тарихы, шығарма авторлары туралы сөз қозғала бермейді. Ал, «Інжу-маржан» сол ән, жыр, термелеріміздің әпсаналарына тереңірек үңіліп, шығарма туралы толық мағлұматты халыққа жеткізуде. Орындаушымен бірге шығарманың тарихына зер салып, оны талқылап, көрерменге ұсынудамыз. Ұлттық өнеріміздің бүгіні мен болашағы туралы әңгіме өрбітеміз.

     Біздің еліміз орындаушыларға, дәстүрлі әншілерге, жыршыларға кенде емес. Бағдарлама барысында біз аға буын, орта буын, жастар барлығын дерлік толық қамтудамыз. Осындай бағдарламаның арқасында бүгінде қоғамда ұлттық өнерімізге деген оң көзқарастың қалыптаса бастағаны қуантады. Сонымен қатар, «Інжу-маржан» өнерге енді ғана қадам басқан жастарға серпіліс беруде. Жалпы айтқанда біздің мақсат – өнерімізді жоғалтып алмай, ары қарай өркендеуіне, бүгінгі күндегі ұлттық сананың нығая түсуіне үлес қосу.

     – Дәстүрлі ән өнерін бүгінгі заман талабына сай ету ниетімен эстрадаға ыңғайлап орындайтын әріптестеріңіз туралы не айтасыз?

     – Отандық кейбір өнер иелерінде біздің төл туындыларымызды – әндерімізді, күйлерімізді эстрадаға қоспасақ, әлемнің назарын аудара алмаймыз деген түсінік қалыптасты. Бұл негізінде дұрыс емес. Мәселен, мен өзім, 20 жылдан бері жыршылық өнерді бүкіл әлемнің сахналарында насихаттаудамын. Шетелдік сахналарда ұлттық өнеріміз бізге қалай жетті мен де дәл сол қалпында шырқаймын. Өзімнің ұстазым Бидас Рүстембеков маған қалай үйретсе, солай жеткізуді өзімнің парызым деп білемін. Бірақ, шетелдік тыңдармандар мені қабылдамай жатыр дей алмаймын. Керісінше, сол Европамыз, яғни, әлем жұртшылығы қазақтың ұлттық өнерін дәл сол қалпында жұтып қоюға даяр. Қазақтың ұлттық өнерінен рухани азық алады десем артық айтқандық емес.

     Бізде қазір домбыра, гитара, скрипка үшеуін қосып адам түсінбейтін бір дүниелер жасайтындар бар. Осындай әдіс-тәсіл арқылы әлемді таңдай қақтырамыз деп ойлайды. «Жаңалық» ашқандай кейіп танытатын мұндай әріптестерімнің көңілге қонымсыз әрекеттері мені қынжылтады. Оған шетелдіктер таң қалмайды, керісінше, түсінбей қалады. Түптеп келгенде үш аспап үш бөлек жанр. Олардың басы қанша тырыссақ та тоғыспайды. Сондықтан, төл өнерімізді қаз-қалпында сақтағанда ғана ол өзінің құндылығын ешуақытта жоғалтпайды. Ал оны заман талабына сай етеміз деген желеумен өзгерту – ата-бабаның аманатына жасалған қиянат демеске амалымыз жоқ.

     – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz

https://www.qazaquni.kz/2018/03/30/83057.html