Мәдениет Ешекеевке арналды

Дәстүрлі әнші Мәдениет Ешекеевтің туғанына биыл 80 жыл толуына орай Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында, әншіні еске алуға арналған концерт өтті. Осы шараның аясында әншінің домбырасы салтанатты түрде музейге тапсырылды.

Әйгілі Мәдениет Ешекеев XX ғасырдың 50 жылдарындағы қазақ даласында дәуірлер мен ғасыр­лардан, бүтін бір халықтың, ұлттың шежіресінен хабар беретін халық әндерін ерекше нақыш-бояумен, аса шеберлікпен жеткізу­ші, кейінгі ұрпаққа табыстаушы дәнекер тұлға ретінде белгілі. Концертте Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі – Ғалым Мұхаме­дин «Балқадиша», «Сақ-сақ» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Соны­мен қатар шығармашылық кеште Толғанбай Сембаев, Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіманов, Жан­­ғали Жүзбаев, Тілеулес Құрман­­ғалиев, Мұрат Әбуғазы, Айгүл Қосанова және т.б танымал әншілер өнер көрсетті.
Музейге тапсырылған дом­быраны Мәдениет Ешекеев көзі тірісінде бүгінде аспап жасаушы Саят Нұрғазин есімді шеберге батасын беріп, табыстаған екен. Концертке қатысқан Саят Нұрға­зин өз кезегінде, осы домбырамен Сегіз серінің әні «Гауһартасты» орындап, музей жетекшісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынованың қолына тапсырып, музей қорына өткізді.
Шығармашылық кешке келген қадірлі көрермендердің бірі, Қазақстанның халық артисі, кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов сахнаға көтеріліп «Бүгін музейде кәделі іс-шара болып жатыр. Анамыздың әлдиінен басталған жүрек сыры­мыз, тарихымыздың ізі, бүкіл жан дү­ниеміз қазақтың класси­калық өне­ріне ат салысып жүрген азамат­тарға үлкен алғыс айтамыз. Бәрі­мізге қайырлы да құтты болғай» деп лебізін білдірді.

Шара Ибрашева

МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН https://aikyn.kz/2017/04/14/10117.html