Асатаяқ аспабы

     Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты абыздар мен бақсылар ұстанған. Бақсылар асатаяқты қылқобыз бен даңғыраның үніне қосып қолданатын болған. «Аса» деген сөз өзбектерде – «асоий», ұйғырларда – «һасса» делінеді, ол таяқ дегенді білдіріеді. Тегінде, «асатаяқ» мағынасы бірдей екі сөзден қосылған болу керек. Этнографтар асатаяқты суреттеп жазған кездерінде оны «носох», «жезл», «трость», «костыль», «колба», «оса», «муса-оса» деп түрліше атаған.

     Асатаяқтың жасалу тәсіліне қарай «күмбезді», «жалпақ басты», «ай басты», «жылан басты», «сопақша», «қалақша», т.б. болып келеді. Оларды ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Асатаяқ емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты ағаштардан жасалады. Бетіне әр түрлі шулы дыбыс беретін темір салпыншақтар, сақиналар, шығыршықтар тағылады.

     Асатаяқ туралы деректер Г.М. Броневский, П.Бекетов, Р.А. Пфеннинг, т.б. зерттеуші-этнографтардың еңбектерінде кездеседі. Асатаяқ туралы Ш.Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған.

     Асатаяқтың көне түрлері Ықылас атындағы Қазақ музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы. Асатаяқ қазіргі кезде «Отырар сазы», «Сазген», «Шертер» т.б. музыкалық фольклорлық-этнографиялық оркестрлер мен ансамбльдерде қолданады. Асатаяқ – ұрып ойнайтын музыкалық аспаптың жетілдірілген түрі.