Сазсырнай

Сазсырнай - саздан жасалынып, үрлеп тартылатын аспаптың бірі болып табылады. Басқа аспаптар оның қатарын толықтырады, мысалы: үскірік, тастауық. Бұл  аспаптар «окарина» тектестер  қатарына  жатады. Мұндай аспаптар бұрынғы СССР-дің көптеген халықтарында кездеседі, оны маррийлер-шун мушпық, чуваштар-там-шахлыча, там-шахран, эстондар-сави, латыштар-свилуе, армяндар-пепук, грузиндер-булбуль дейді. Бұл аспаптарды саздан жасап, кейін отқа күйдіреді. Олардың көлемі де, әр қилы келеді. Олардың сыртын көмкеріп ою-өрнек салған, кейде глазурьмен жылтыратады. Аталмыш аспаптардың ішінде  диапозоны терция, одан да жоғары, кейде тіпті, октаваға  жететіндері кездеседі. Баяғы заманда бұл аспаптармен балалар халық әндерін орындаған. Мұндай аспаптардың бәрі де ысқырып ойналатын флейтаның тобына жатады. Қазақтың саздан жасалған аспаптарында ысқырғыш тетік жоқ.

1971 жылы Отырар қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілу кезінде қаздың жұмыртқасындай, саздан жасалған аспап табылады. Бір-біріне қарама-қарсы жақтан тесілген титтей ғана екі ойығы бар, іші қуыс. Саз сырнай аспапбының қатарынан үш дыбысы бар екен. Олар екінші октаваның ми-бемоль, фа, және соль ноталары.

Саз сырнай аспабы Қазақстаның кейбір аудандарында әлі де болса кездеседі. Мысалы, Торғай облысы, Аманкелді ауданының, Крупская атындағы совхозының тұрғыны Өмірзақ Тұрмағанбетов сыбызғы мен саз сырнай тартқан. Ө. Тұрмағанбетовтың саз сырнайының Отырардан табылған саз сырнайдан айырмашылығы – ойығы үшеу. Ол кісі мұнымен Шиелі өзені, Елігай сияқты халық әндерін орындаған екен. Кейде кұстың даусына салып ойнағанда жан-жақтан кұстар ұшып келетін болған. Мұның бәрін 1975 жылы жазда ол кісінің жиені Нұрбибі Ахметова әңгімелеп берген еді.

Қазақтың кең даласының әрбір ағашы мен топырақ тасы өзіндік игілігі мол қажеттілікке жараған. Тамыры терең, еңсесі биік ағаш үйінің қабырғалары мен шаңырағын жапса, енді бірде төрт түлігіне қажет заттарына асып жатты, енді біріміз саз балшықты илеп түрлі аспаптарды жасадық. Бұның бәрі – сардаланың сағымы сеңгір, жазығы жайпақ өлкесін мекен еткен қазақтың қолынан шыққан тамаша туындылар. Бұл аспаптар – ата-бабамыздың даналығы мен даралығын танытар жәдігер мұра. Темірден түйін түйген шебер бабаларымыз, саз балшықты қамырдай илеп керемет үн туғызатын музыкалық аспаптар жасаған. Ол аспаптардың саны мен аты өте көп. Оның ішінде ерекше тоқталып өтетін аспаптың бірі – сазсырнай. 

Пайдаланылған әдебиет: Сарыбаев Болат. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы: Өнер, 1980, – 208 бет.