Өрелі өнер иесі

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 10 ақпан күні ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші, өнер зерттеуші Жарқын Шəкерімнің шығармашылық концерті болып өтті.

Жарқын Жақияұлы Шәкерім күйші, музыка зерттеуші. 1947 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туған күйші 1968 жылы Қарағанды музыкалық училищесін, 1973 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияны бітірген (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы). Қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші. 1985 жылы Мәскеуде өткен XII Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің дипломаты, 1988 жылы музыка зерттеу саласына қосқан елеулі үлесі үшін КСРО Бүкілодақтық "Білім" қоғамының "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған. 2007 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен көп жылдық шығармашылық еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.      

Жарқын Шәкәрім 1974 жылы Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік Орталық мұрағатынан фоногровқа жазылған «Ағаш аяқ», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша, «Дудар-ай» атты Әміре Қашаубаевтың орындауындағы әндердің үнтаспасын тауып, 1975 жылы күйтабағын жарыққа шығарады. Жарқын Жақияұлы Шәкерім бірнеше кітаптардың авторы: 1977 жылы «Әміре», 1978 жылы «Ән жұлдызы», 1980 жылы «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде), 1997 жылы «Малайсары биден Шәмілге дейін», 1998 жылы «Ән асқары», 2001 жылы «Тас кескен тағылымы» (Б. Айтқазинмен бірлесіп жазған), 2003 жылы «Нұрғиса Тілендиев» (Д. Тіледікелінімен бірлесіп жазған), 2006 жылы «Әміре Қашаубайұлы», 2013 жылы «Көне дүние күмбірі – мелодий древности», 2016 жылы «Амре в Париже» атты кітаптары жарыққа шыққан.

Жарқын Шәкерім ұмытыла бастаған саз аспабы – үш ішекті домбырада және шертерде шебер орындаушы, насихаттаушы. Оның репертуарында көптеген халық күйлерімен қатар автор ретінде өз жанынан шығарған бірнеше күйлері бар. Атап айтар болсақ «Таскескен», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние-кезек», «Темір-Шерткен», «Құртқа тәуіп» және т.б.

Қазақ музыка өнеріне, соның ішінде күй әлеміне үлкен үлесін қосып, әліде аянбай еңбектеніп келе жатырған Жарқын Жақияұлы өнегелі істерімен көпке үлгі. 1980 жылы қазіргі Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі құрылды. Музей тарихында Жарқын Жақияұлы Шәкерім тұңғыш директор болды. Сонымен қатар, 1980 жылы музей жанынан құрылған «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбілін ұйымдастырып әрі оның көркемдік жетекшісі болды.

Нар тұлғалы, өнер майталманының шығармашылығына арналған концертке арнайы өнер адамдары мен үзеңгілес жолдастары қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Концертті ҚР мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы жүргізді. «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Концертке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары күйшінің өмірі мен өнерінен сыр алып, ой түйіп, ерекше көңіл күймен қайтты.

Жарқын Шәкерімдей өнер жанашырлары барда олардың ізбасарлары барда қазақтың дәстүрлі музыкасы дами беретіні анық.

 

Бақытжан Қалнияз,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің

ғылыми қызметкері.

 

МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН ӨНЕГЕЛІ ӨНЕР ИЕСІ