Сазсырнайшылар ансамблі құрылды

Ықылас атындағы Қазақ халық музыкалық аспаптары мұражайында белгілі аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына орай «Сырлы сазды – сазсырнай» атты кеш өтті. Шара барысында Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының аға оқытушысы Гүлфайруз Далбағайдың «Сазсырнай және окарина тектес үрлемелі аспаптар» монографиялық кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ SazArtGroup сазсырнайшылар ансамблі де жұртшылыққа таныстырылып, өнері тамашаланды. 

Жиналғандар назарына әуелі музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің 1985 жылы Болат Сарыбаевтың шығармашылығына арнап түсірген деректі фильмі ұсынылды. Қазақ халқының көрнекті ғалымы, өнертану кандидаты Болат Сарыбаевтың ұлттық музыка аспаптарын жинау, қалпына келтіру, аспаптану, оларды қайтадан кең қолданысқа енгізу ісіне қосқан үлесі атап өтілді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова және күйші-зерттеу­ші Жарқын Шәкәрім Отырар қаласынан және еліміздің түкпір-түкпірінен табылған сырлы сазды сазсырнайдың және өзге де окарина тек­тес халқымыздың үрлемелі ас­паптарды за­ман­ға сай түлетіп, қайта жаң­ғыр­тудағы Гүл­фай­руз Далбағайдың ерен еңбегіне риза­шы­лық білдірді.
1980 жылы сазсырнай аспабын алғаш­­қылар қатарында игеріп, орындаушылық мектебінің негізін қалаған белгілі музыкант өз кезегінде осы еңбегін Болат Сарыбаевтың рухына бағыштайтынын жеткізді.
Жинақта окарина тектес үрлемелі аспап­тар­дың шығу генезисі және дамуы, қазақ халқының окарина тектес музыкалық ас­пап­­тары, үрлемелі аспаптарын қалпына кел­ті­рудегі Болат Сарыбаевтың рөлі, окари­на тектес – үскірік, тастауық, уілдек, құссай­ра­уық сияқты үрлемелі аспаптар, сазсырнай аспабында орындаушылық әдістері, реперт­уар жасақтау мәселелері жіктелген.
Гүлфайруз Далбағайдың жетекшілігімен құрылған SazArtGroup сазсырнайшылар ансамбліне де тоқталып өтсек, бас сазсыр­най­­да және уілдеуікте – Әділхан Жоламан, тастауықта – Ержан Мұқышев, үскірікте – Райхан Омар, сазсырнайда – Гүлім Бағлан­қы­зы, шыңырауда – Айсұлу Ниязова, құссайрауықта – Райхан Омар ойнайды. Музыканттардың бұл аспаптарын жас шеберлер Азамат Бақия мен Ержан Мұқышевтің қолынан шыққан.
– Тәуелсіздік қазақтың көне ұлттық му­зы­ка аспаптарының тұншыққан үнін боса­тып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Шаңға көміліп, тарих қойнауына кетіп үлгерген қасиетті аспаптардың дыбысы біртіндеп күшейіп, сонау мұхиттың арғы жағына да жетті. Еш нәрсеге таңданбайтын Голливуд домбырамыз шанағынан күмбірлей төгілген күйге тәнті болды, кәрі Еуропа қа­зақ халық аспаптарымыздың сазына елтіп бас иді. Қазақтың дауылпаз, дабыл, дуылға, то­қылдақ, тұяқ, шың, шартылдауық, сазсыр­най, ауызсырнай, желбуаз, керней, құссай­ра­уық, жетіген, шаңқобыз, қобыз, сазген, шер­тер, адырна секілді музыкалық аспап­тары көне ғасырлар қойнауынан жаңғырып өзі­нің табиғи үнін тапты.
Халқымыздың музыкалық аспапта­ры­ның ішінде үрлемелі аспаптар тобына жата­тын сазсырнайдың тарихы да әріде жатыр. Ха­лық шығармашылығында кең көлемде қолданыста болған бұл аспап бертін келе та­рих­тың қойна­уына көміліп қалған бола­тын. Ұзақ уақыт музыка мамандарының наза­­рынан тыс қалып келген жекеленген саз ас­пап­­тарының сахнаға жолы өткен ғасырдың екін­­ші жарты­сынан бастап қолға алына бастады.
Окарина тектес үрлемелі музыкалық ыдыс аспаптар ішінен сазсырнай қазір жер-жерде ұлт аспаптар оркестрлері мен ансам­бль­дерінің құрамына енгізіліп, арнайы жо­ғары, орта оқу орындарында жеке пән ре­­­тінде оқытыла бастауы көне мұрамыздың жаңа мүмкіндіктерін ашуды және көптеген оқу-тәжірибелік мәні бар түбегейлі шешуді қажет ететін өзекті мәселелерді алға тартып отыр. Сазсырнай аспабын дәстүрлі кәсіби тұрғыда орындау, шеберлікті шыңдау, репер­туа­рын байытуды тарихи-теориялық және прак­тикалық өзекті мәселелері, аспаптың шығу генезисіне тереңірек үңіліп өз деңге­йін­де кәсіби тұрғыда шешуді қажет ететін мәсе­­лелердің қордаланып қалуы осы зерт­теуі­міз­дің өзектілігін арттыра түсті.
Қазақ халқының окарина тектес үрлемелі ыдыс аспаптар тобын және осы топқа жа­та­тын кең қолданыста жүрген сазсырнай му­зы­калық аспабын жан-жақты зерттеп жазу, оған ғылыми сипаттама беру, аспаптың аты­на, жасалатын материалына байланысты ха­лық терминологиясын талдау, эрго­ло­гия­лық, морфологиялық сипаттама­сын, аспап­тың репертуарлық және орындаушылық ерек­шеліктерін жан-жақты айқындау – бұл еңбектің басты мақсаты.
Қазақ халқының окарина тектес ұлттық музыкалық аспаптарын, соның ішінде сазсырнай аспабын арнайы ғылыми-зерттеу нысанына айналдырған жұмыстар күні бүгінге дейін жүргізілген жоқ. Аспаптың шығу тарихы мен даму жолы терең талданған және ғылыми-теориялық тұрғыда арнайы зерттеу нысаны болған емес, – дейді монография авторы Гүлфайруз Далбағай.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Фото автордікі

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме бойынша көре аласыздар