Сағынбасқа не шара?

Ықылас атындағы Қазақ халық аспаптары музейінде əншікомпозиторҚазақстанныңеңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тұрсынғазы Рахимовты еске алуға арналған «Сәби болғым келеді» атты кеш өтті.
Шара барысында өнер иесінің әндері мен шығармашылығына арналған мақалалар, естеліктер, арнау өлең мен әндер енген «Сағынбасқа не шара?» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі жүзеге асты. Сондай-ақ бірегей тұлғаның домбырасын ұлы Шалқар Рахимовтың музейге салтантатты түрде табыстау рәсіміне де орайластырылды.
«Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммедтің қолдауымен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-ұстаз Еркін Шүкіманның құрастыруымен жарық көрген топтаманың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділқазы Қайырбеков кесті.
Кеш барысында Жоламан Құжиманов, Саят Нұрғазин, Амангелді Күзеубай, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Сақаев, Нариман Қажымұратұлы, Саян Бодесов, Ерғали Ағайдаров, Сәулежан Тағзия, Əділет Əдікенов, Азат Дулатұлы автордың «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн» , «Нені аңсаймын», «Я, жаратушы Аллам», «Сағынбасқа не шара?»,  «Ақбөкен», «Әнің қайда, Жәнібек», «Сәби болғым келеді» сияқты әндерін шырқады. Әндердің тарихымен кеш жүргізушісі әрі ұйымдастырушысы Еркін Шүкіман таныстырып отырды.


Естеріңізге сала кетсек, Тұрсынғазы Рахимов – 1951 жылы 15 қазанда  дүниеге келген.  Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін бітірді. Өнер жолында әнші ретінде Жүсіпбек Елебековтың, актер ретінде Есімхан Обаевтың, композиторлық тұрғыда Теміржан Базарбаевтың тәлімін алған. Халық арасында кең танымал «Сәби болғым келеді» әні 1979 жылы жазылған. 1994 жылы «Сәби болғым келеді» деген атпен алғашқы әндер жинағы шықты. Мұқағали Мақатаевтың 15-ке жуық өлеңіне ән шығарды. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері.
2016 жылы Семей қаласында Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында композитордың құрметіне «Қазағым-ай!» атты І республикалық ән фестивалі ұйымдастырылды.
Осы шарадан кейін көп ұзамай, 65 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме арқылы көре аласыздар