Көне дүние күмбірі

Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, музыкатанушы, дәулескер күйші Жарқын Шәкәрімнің шығармашылық концерті өтті.
Кеш жүргізушісі, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы «сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының баға жетпес асыл қазынасы – дәстүрлі музыкасы болса, өзінің бүкіл ғұмырын осы ғажайып өнерді зерттеуге арнаған азаматтардың бірі – Жарқын Шә­кәрім. Ол бала күнінде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылының таңбалы тастарын зерттеп, республикалық газеттерде мақала жариялайды. Әлкей Марғұланның ба­тасын алады. Кейін халық өнерін ғылыми тұрғыда екшеп, жинас­тырумен бірге, үш ішекті-қосбұрау дом­быраға қызығу­шылығы оянады.
Тарихи деректерде үш ішекті дом­быраны заманында күй иесі атанған Байжігіттің күйлерін жеткізуші Құлыншақ тартқан. Ұлы Абайдың ұстағаны белгілі. Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил шебер орындаған. Исраил өз жанынан бірнеше күй шығарған, өкінішке қарай бізге ешқайсысы жетпеген. Қазір Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде бірнеше үш ішекті домбыра сақтаулы. Олардың біреуін Абай Құнанбаев пен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырған көрінеді. Түрлі себептерге байланысты жоғала бастаған аспапты Жарқын ағамыз 1960 жылдан қолына алып, жаңғыртуға үлкен үлес қосты. Студент кезінде Абай ауданына барып, белгілі халық ақыны Шәкір Әбеновпен жолығып, күй са­рындарын тыңдап, үлгі алған. Сондай-ақ Болат Сарыбаевтың зерттеу еңбектерінің және насихаттау жұмыстарының арқасында ұмытыла бастаған халық сарынын күй ретінде дамытып, музыкалық формаға айналдырды.
Бұдан бөлек, 1967 жылы Мәдидің фотосуретін, 1974 жылы Әміренің дауысын және Ахмет Жұбанов орындаған 9 күйді мұрағаттан тауып, жұртшылыққа жеткізді.
1985 жылы Мәскеуде өткен ХІІ Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысып, домбыра мен шертерде жоғары кәсіби деңгейде күй ойнағаны үшін дипломат атанды.1988 жылы музыка зерттеу саласына қосқан еңбегі еленіп, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Әміре», «Малайсары биден Шәмілге дейін», «Ән асқары», «Құр­манғазы», Дариға Тілендікелінімен бірігіп жазылған «Нұрғиса Тілендиев», «Әміре Қашаубайұлы», «Көне дүние күмбірі» кітаптарының авторы. Репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» тәрізді халық күйлері мен «Таскескен», «Абы­ралыдағы Ата зары», «Дүние-кезек» сияқты авторлық дүниелері бар. Әр жылдары «Замана бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», Музыкалық киножылнама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан», «Жетісаз», «Күй-аманат», «Сағындырған дауыстар» теле-радио хабарларын эфирге шығарды. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының құрметті азаматы» деп атап өтті.
Өнер иесі шараны ұйымдастырған музей директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосыноваға алғыс айта отырып, өнер жолына, қызметтік ізденістеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Әңгіме арасында шаңқобызшы Сәуле Боранбаеваның сүйемелдеуімен бірнеше күй тартып, ұстаз-әріптес, замандастары Байтөлеу Нұрғалиұлы, Құбыш Мұхитов, Болат Сарыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Жәнібек Кәрменовтер жайлы естеліктерімен бөлісті.
– Бұл мұражайға Ұлжан басшылыққа келгелі Дәнеш Рақышов, Уәли Бекенов, Сәдуақас Балмағамбетов, Жәнібек Кәрменов сияқты бірқатар тұлғаларды еске алу шаралары өтіп жатыр. Арамызда жүрген Алмас Алматов, Қажыбек Бекбосыновтың лекция-концерті ұйымдастырылды. Былтыр 40 жыл ұстаған үш ішекті домбырамды музейге тап­сырғанмын, сол уақытта маған да ұсыныс жасалды. Бірақ денсаулығыма байланысты кейінге қалдырғанбыз. Бүгін сәті түсіп, мұражайдың алғашқы ди­ректоры ретінде қонаққа келіп, тыңдармандарыммен қауышып отырмын, – деді Жарқын Шәкәрім.
Кеш барысында халықаралық, рес­публикалық конкурстардың лауреаты «Арнау» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Жетекшісі – күйші-жетігенші Нұргүл Әкімғожина.
Соңынан мұражай директоры Ұлжан Байбосынова ұрпақтар сабақтастығы мен ұлт құндылықтарына тоқталып, кездесуге жиналған көпшілікке ризашылық білдірді.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме арқылы көре аласыздар