Әсет пен Дәнеш әндері орындалды

Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісовтың «Әсет пен Дәнеш» атты лекция-концерті өтті.

Шара қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші-композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылды. Сондай-ақ бағдарлама аясында бірегей тұлғамен аты қатар аталатын шәкірті, Халық артисі Дәнеш Рақышевтың әндері топтастырылған «Саясында алманың» ноталық жинағының таныстылымы болды.


Кеш жүргізушісі, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы әйгілі әншілер қалдырған мұраға тоқтала отырып, Нұржан Жанпейісовпен келелі әңгіме өрбітті. Әнші өз кезегінде ұстазы Дәнеш Рақышевтың ұлағатын еске алып, қос таланттың репертуарындағы, сондай-ақ өз жандарынан шығарған, бірақ сирек орындалып жүрген әндердің тарихын  таныстырды.

Халық арасына кең тараған Дәнеш Рақышевтың орындауындағы «Аңшының әніне» қатысты ой-пікірін білдіріп, ұстазы айтып кеткен әңгіменің ақ-қарасын тарқатып берді.

Көрнекті ақын-жазушы Оразақын Асқар, Бексұлтан Нұржекеев кітаптың тұсауын кесіп, зерттеу еңбекке енген 60 ән «қазақ руханиятына қосылған теңдессіз қазына» деп атап өтті.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, бірегей сыбызғышы Талғат Мұқышев, танымал әншілер Тілеулес Құрманғалиев, Бағлан Бәбіжан, Шолпан Даржанова, Талғат Әбуғазы, қобызшы Мақсат Медеубек әріптестерінің қуанышына ортақтасып, шығармашылығына толағай табыс тіледі.
Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынова жиналған көпшілікке ризашылығын білдіріп, Нұржан Жанпейісовке алғысхат табыстады.
Толығырақ «Айқын» газетінің алдағы санынан оқыңыздар.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
Сурет пен видеоны түсірген автор

Мақаланың толық нұсқасын осы сілтеме бойынша көре аласыздар