Мұражайда шеберлер кеңесі құрылды

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында танымал шебер, «Шертер» фирмасының негізін қалаған Сапарбек Ділмановтың музыкалық аспаптары коллекциясын музейге тарту ету рәсімі өтті. Ізгі шара аясында музей қабырғасында алғаш рет «Шеберлер кеңесі» құрылды. Жиынды сөз сөйлеп ашқан музей жетекшісі Ұлжан Байбосынова басқосудың маңыздылығын атап өтті.

 – Шеберлеріміздің арқасында 1980 жылы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің негізі қаланды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелерді жүзеге асыруға баршамыз атсалысуымыз қажет. Осыған орай, музейге байланысты жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында шеберлердің «Шеберлер кеңесін» құру арқылы қоғамға кең түрде насихатталатын игі істерді бастамақпыз, – деді мұражай жетекшісі. 

Игі бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдап, музейге белгілі шебер Сапарбек Ділмановтың құнды музыкалық аспаптар коллекциясын сыйға берген шебер Бақытжан Ділманов болды. Шеберлер кеңесінің құрылуына бірден-бір себепкер болған Бақытжан Ділманов шеберлерге ғана емес қазақ халқына қажетті ұлттық музыкалық аспаптардың жасалу жолын, жүйесін, жалпы ұсталыққа үйретіп кеткен Сапарбек Ділманов екендігін атап өтті. Расында да, қандай қиын кезеңдер басынан өтсе де, ұсталығын жалғастырған шебер Сапарбек Ділманов бір өзі бүкіл халық оркестріне музыкалық жасаған тұлға.

Муейге сыйға берілген аспаптардың құрамында домбыра тенор, альт шертер, прима қобыз, дабыл, сыбызғы, дауылпаз, шартылдақ сынды қазақтың 17 түрлі ұлттық аспабы бар. 

Музей жанынан құрылған шеберлер кеңесі музыкалық аспаптар жасауды қайта жаңғырту, музыкалық аспап жасайтын шеберлердің қолтаңбасын музейде қалдыру, музыкалық аспап жасаушы шеберлердің өнерін көпшілікке насихаттау, шеберлердің жеке туындыларын музейге алу, музей жәдігерлерінің санын арттыру, сондай-ақ, музей аспаптарын жаңа қырынан көрсету, келешек ұрпаққа сақталуына ықпал ету мақсатын көздейді.

Жиын барысында қоғам қайраткері, қолөнер шебері Айтберген Құлменов кезінде музей шеберханасында жұмыс істеген Сапарбек Ділманов, Махмұт, Тұрсынжан Құлменовтер сынды шеберлердің артында қалдырған іздері мен олардың өнерінің ұрпақтарында жалғастық тапқандығын рухани сабақтастыққа балады: «Рухани жаңғыру деп осы шеберлердің жаңғыртқан өнер туындыларын атауға болады», – деп шебер сөзін қорытындылады.

Жиынға 30-ға жуық шебер қатысты. Басқосуда сөз алған белгілі сыбызғышы, сыбызғы аспабын жасаушы шебер Нұрахмет Жорабеков қазақтың өнері мен мәдениетіне үлес қосқан өткен ғасырдағы Қамар Қасымұлы, Романенко сынды шеберлердің, Ахмет Жұбановтай тұлғалардың еңбектерін жиналған жұртшылыққа үлгі етті. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда шеберлердің еңбектері бағаланып, кең насихатталуы керектігін алға тартты. Ал «Сазген» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ықылас Нұралиев өз заманында Өзбекәлі Жәнібеков, Болат Сарыбаевтардың қазақтың ұлттық руханиятына, музыка мәдениетіне сіңірген еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ, ол өткен ғасырда қазақ шеберлерінің қолынан шыққан туындалар арқылы музей экспозициясы қалыптасқаны, сол арқылы шеберлердің де есімдері тарихта қалғандығын жеткізді.

Іс-шарада Сейдахмет Келгенбаев, Нұрлан Абдрахманов, Серік Нұртазин, Нұрбек шебер, Оханов Нарбек, Мақсұт Ибадуллаев, Сатыпалды Кенжеғараев, Асима Иманғалиева, Махмут Құлменов, Орынбасар Мауленов, Кеміржан Еліпов, Нұрлан Дуанов, Қанат Берікбол, Роза Жасбалаева сынды шеберлер өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Музей жанынан құрылған шеберлер кеңесі қазақтың аспаптық өнерінің дамып-жаңғыруына, шеберлер мен музыка мамандары арасындағы байланыстың жандануына, өзара тәжірибе алмасуда үлкен мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, он қолынан өнер тамған шеберлердің жұмыстарын көрсету, еңбектерін атау, олардың қолынан шыққан ұлт мәдениетін көрсететін ұлт аспаптарын қайта жаңғырту, музейге келтіру, толықтыру мақсатында жұмыс атқаратын орталық ретіндегі жүйе болмақ.

 

Бақытжан ҚАЛНИЯЗ,

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің

аға ғылыми қызметкері.

 

МАҚАЛАНЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫН ОСЫ СІЛТЕМЕ БОЙЫНША КӨРЕ АЛАСЫЗДАР.