Кобыз

Қобыз туралы аңыз

Халық аңызына қарағанда, қобыз аспабын Қорқыт ата жасаған және оған алғаш рет күй шығарып тартқан болып шығады. Оның қобызды ойлап табуы жөнінде ел арасына кеңінен тараған бір тәмсіл бар. Онда былай делінеді…

«Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

«Қарағайдың түбінен

Қайырып алған, қобызым.

Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызым.

Желмаяның терісін

Шанақ қылған қобызым.

Ортекенің мүйізін

Тиек қылған қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын

Ішек қылған қобызым.

Құлағыңды бұрайын,

Осы айтқаным болмаса,

Қайырып жерге ұрайын!» – деп қобызды қолына алған кезде аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң… бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты».

Сондай-ақ, түркітілдес халық тайпаларының сенім-нанымында шамандық дәстүр елеулі орын алған. Сол бағыттағы емші, тамыр ұстаушы, балгер, жын құрсанған бақсылар «абыз» деп те аталған. Ал абыз – «қобыз» сөзінің өзгерген түрі-міс. Осы негізге сүйене отырып, абыз бен қобызды байланыстырар болсақ, қазақта Қорқыттан кейін өмір сүрген Қойлыбай бақсы туралы да аңыз көп. Оны Шоқан Уәлиханов: «Қойлыбай бар бақсының түп атасы, оқ тартар садағы іспетті», – деп кейіптеген. Естуімізше, кезінде Қойлыбай киелі қобызын аламан бәйгеге салған көрінеді. Ол әңгіме ел аузында былайша өрбиді: «Жүздеген сәйгүлік қосылған бәйге аттарының келе жатқанын көргенде қолына қанжарын алып, әулие-пірлерін жәрдемге шақырып, Қойлыбай сарнап қоя береді. Сол-ақ екен, бәйге жақтан бір қара дауыл тұрып, отша лапылдаған аптап ыстық жел соғады. Бір кезде сол дауылдың артынан қалың қара көрініп, ат тұяғының дүбірі естіледі. Демде бәйге аттарының алдынан қар борандатып, атты құлаш тамырымен ала жібін сүйреткен алып ағаш көрінеді. Сөйтсе, ағаш дегені – Қойлыбайдың қобызы, дауыл мен желді суырып келе жатқан көкаман жынының екпіні екен».