Ән салсаң Әсеттей сал

                                                                                  

 

                                                                             БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

                                Әнші-композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына арналған

                                                             «ӘН САЛСАҢ ӘСЕТТЕЙ САЛ» атты концерт

2017 жылы қыркүйек айының 22 жұлдызында, сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында өтетін – Әнші-композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына арналған «Ән салсаң Әсеттей сал» атты концертке шақырамыз.

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, дәстүрлі ән, күй, жыр кештерін ұдайы түрде өткізіп тұрады. Мақсаты: ұлт руханиятының – ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық өнеріміз арқылы жаңғырып отыруына атсалысу.

Әсет Найманбайұлы – асқақ үнді әнші, ақын, композитор. 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты ауылында дүниеге келіп, ҚХР, Құлжада 1922 жылы 22 наурызда өмірден озады. Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдары болса да, Әсет ескіше оқыған көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі, әсіресе айтыс жанрында кеңінен танылды. Ол Рысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлика қызбен айтысады. Әсеттің «Салиха-Самен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғыман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» атты қисса-дастандары, «Жас жігіт надандықпен алданады», «Өсиетнамада», «Сүйенген жаным жалғыз өзің», «Сеніспей уағдалы серттен қайтпа», «Қарақұрсақ Күшік болысқа», «Ақырғы сөз», т.б. шығармалары бар. А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын аударып (еркін аударған), оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек таралғаны – оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әншілік дәстүрін жалғастырып дамыта түсті. Оның «Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қаракөз», «Мақпал», «Інжу-маржан» т.б. әндері психологиялық тереңдікпен адамның жан-дүниесін қозғайтын нәзік лирика.

Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Оның әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына.

Концертке Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Мұқаш Таңғыт, Ұлжан Ағлақова, Нариман Абдрахманов, Қайратбек Бектұрсын, Қуаныш Алтыбаев сынды өнер өкілдері қатысады.

Кешті жүргізуші: ҚР мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов.

Кіру тегін.     

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24А.

Анықтама телефондары: 8 (727) 291-69-17; 291-63-16

Музей сайты: www.yqlasmusmuseum.kz

E-mail:

Facebook: Музей народных музыкальных инструментов им.Ыхласа